Қарағанды облысы Ақсақалдар кеңесінің ережесі

Қарағанды облысы  Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі туралы

ЕРЕЖЕ

  1. Жалпы ережелер

 

  1. Ақсақалдар кеңесі туралы осы Ереже (бұдан әрі – Ереже) Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңестерінің қызметін ұйымдастыруға бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
  2. Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
  3. Кеңес Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында, ауылдық округтері мен ауылдарында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдіктерінің жанынан құрылады.
  4. Кеңес құрамы жергілікті қоғамдастықтың тұрғындарынан, қоғамдық, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың беделді өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатарынан қалыптастырылады.
  5. Облыстық Кеңестің құрамын Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік Кеңесі, қалалар, аудандар, ауылдық округтер мен ауылдар деңгейінде - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдіктері бекітеді.
  6. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де құқықтық актілерді, сондай-ақ Үлгілік ережені басшылыққа алады.
  7. Кеңес мүшесі облыс, қала, аудан, ауылдық округ немесе ауыл шегінде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы бола алады.

 

  1. Кеңестің міндеттері

 

  1. Кеңестің негізгі міндеттері:

- мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу;

- азаматтар, мемлекеттік және қоғамдық институттар арасындағы сындарлы коммуникациялар мен өзара іс-қимылды нығайту;

- қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекет пен қоғамның «кері байланыс» тетіктерін ұйымдастыру;

- жастар арасында патриотизм идеяларын ілгерілету және патриоттық тәрбие беру;

- мемлекеттік органдарға әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдарды профилактикалауға, оларды шешуге, сондай-ақ оларды жанжалдан кейінгі реттеуге жәрдемдесу;

- этномедиацияны жүзеге асыруға, қоғамдық келісімді нығайту мәселелері жөніндегі диалогты ұйымдастыруға жәрдемдесу және тікелей қатысу;

- жастар арасында тәлімгерлік практикасын енгізу және жетілдіру, қоғамды шоғырландыру ісінде жастар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау;

- халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде білім мен тәжірибені беру.

 

  1. Кеңестің өкілеттіктері

 

  1. Кеңестің өкілеттіктері:

1) жергілікті қоғамдастықтардағы қоғамдық және тұрмыстық қатынастарды зерделеу, халықтың проблемалық және өзекті мәселелерін анықтау;

2) қоғамдық және тұрмыстық мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті қоғамдастықтардың бірлескен шешімдерін іздеу және сұрақтар тізбесін қалыптастыру;

3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қоғамдық ұйымдарда жергілікті қоғамдастықтардың мүдделерін білдіру;

4) заңдылықты сақтау, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жергілікті қоғамдастықтар мен азаматтардың мемлекеттік, құқық қорғау, білім беру және өзге де органдардың (ұйымдардың) өкілдерімен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

5) азаматтардың қоғамдық құқық қорғау ұйымдарымен, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құрылымдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

6) қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелерді шешу бойынша азаматтарға консультациялық көмек көрсетуді ұйымдастыру;

7) азаматтардың, әсіресе жастардың жалпы мәдениетін арттыру, азаматтық жауаптылық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі жұмысқа қатысу;

8) мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі және шоғырландырушы негіз ретінде ілгерілетуге, Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға жәрдемдесу;

9) жергілікті қоғамдастықтар аумағында қоғамдық бастамаларды, оның ішінде қайырымдылық, волонтерлік, қоғамдық бақылау, жастар қозғалыстарын дамытуға жәрдемдесу;

10) құқық бұзушылыққа бейім, әсіресе отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында және әйелдер мен балаларға қарсы бағытталған азаматтардың қоғамдық профилактикасын ұйымдастыру;

11) мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен әлеуметтік, этносаралық ахуалдың шиеленісуіне жедел ден қою, этникалық деңгейге өтуі мүмкін жанжалдарды шешу жөніндегі бірлескен жұмысқа қатысу;

12) азаматтарды қабылдауды жүргізу;

13) қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелер жөнінде азаматтардың өтініштерін қарауды ұйымдастыру;

14) халықпен бірлікті және келісімді нығайту мәселелері жөнінде  кездесулер өткізу;

15) әлеуметтік желілерде және өзге де интернет-ресурстарда қоғамдық маңызы бар мәселелер жөнінде посттар мен ақпараттық материалдарды жариялау;

16) республикалық және (немесе) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар (материалдар) жариялау және Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша телевизияда немесе радиода сөз сөйлеу;

17) Кеңестің міндеттеріне кіретін мәселелер жөнінде мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсынымдар енгізу.

 

  1. Кеңес қызметін ұйымдастыру

 

  1. Отырыс Кеңестің жоғары органы болып табылады.
  2. Отырыста оның мүшелерінің ашық дауыс беруімен Кеңестің төрағасы сайланады.
  3. Кеңестің сандық құрамын, Кеңес төрағасы мен мүшелерінің өкілеттік мерзімін Кеңес мүшелері айқындайды.
  4. Кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
  5. Кеңестің отырыстары төрағаны ескере отырып, оған жалпы құрамның кемінде үштен екісі қатысқан кезде құқылы болады.
  6. Кеңестің ұсынымдары оның отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Кеңес мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
  7. Кеңес төрағасы:

1) Кеңестің қызметіне басшылық жасайды және оның отырыстарына төрағалық етеді;

2) Кеңестің бір күнтізбелік жылға арналған жұмыс жоспарын бекітеді;

3) күн тәртібін айқындайды және Кеңес отырысының хаттамасына қол қояды;

4) Кеңестен Кеңес отырысының, азаматтарды қабылдаудың, азаматтардың өтініштерін қараудың, халықпен кездесулердің нәтижелері жөнінде ұсынымдар береді.

  1. Кеңес отырысының, халықпен кездесулердің, құқық қорғау және өзге де органдардың (ұйымдардың) өкілдерімен өзара іс-қимылдың, азаматтарды қабылдаудың және қоғамдық мәселелер жөнінде азаматтардың өтініштерін қараудың нәтижелері бойынша Кеңес Жұмыс органына енгізілетін ұсынымдар әзірлейді.
  2. Кеңестің қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
  3. Облыс Кеңесінің төрағасы республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесіне кіреді.

 

  1. Кеңестің жұмыс органы

 

  1. Кеңестің жұмыс органы облыс деңгейінде - "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесі; қала, облыс ауданы, ауылдық округ немесе ауыл деңгейінде – тиісті әкімшілік–аумақтық бірлік әкімінің аппараты (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.

Жұмыс органы:

1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Кеңес қызметіне қажетті ақпаратты, мәліметтер мен материалдарды сұратады;

2) Кеңес мүшелері мен төрағасының қызметін ақпараттық және талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

3) Кеңес отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;

4) Кеңес мүшелері мен төрағасын оның отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етеді;

5) Кеңес отырысының хаттамасын ресімдейді;

6) Кеңестің отырыстарына мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де органдардың (ұйымдардың) өкілдерін шақырады;

7) Кеңестің ұсынымдарын тиісті мемлекеттік органдарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жібереді;

8) Кеңес мүшелерінің азаматтарды қабылдау кестесін бекітеді;

9) азаматтардың өтініштерін қабылдайды және тіркейді;

10) Кеңестің бір күнтізбелік жылға арналған жұмыс жоспарын келіседі;

11) Кеңестің бір жылға бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жұмыс жоспарының орындалуы туралы есеп дайындайды;

12) Кеңестің ұсынымдарының, оның ішінде оларды орындау және (немесе) орындамау жөніндегі ұсынымдардың есебін жүргізеді;

13) облыстың, каланың, ауданның, ауылдық округтің немесе ауылдың Кеңесі туралы ережені әзірлейді.

  1. Отырыстар арасындағы кезеңде Кеңес қызметін жедел жүзеге асыру үшін жұмыс органы:

1) Кеңес мүшелерінің азаматтарды қабылдауы;

2) қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелер бойынша азаматтардың өтініштерін қарау.

  1. Жұмыс органы азаматтың өтініші тіркелген күннен бастап 1 жұмыс күнінен кешіктірмей оны Кеңес мүшелері мен төрағасының қарауына жібереді.
  2. Кеңес мүшелері мен төрағасы Жұмыс органынан өтініш алған күннен бастап күнтізбелік 2 (екі) күннен кешіктірмей азаматтардың өтініштерін және халықпен кездесулерді қарау нәтижелері бойынша ұсынымдар әзірлейді.
  3. Кеңес жұмысын жалпы үйлестіруді облыстық деңгейде - «Ішкі саясат басқармасы» ММ; қала, аудан, ауылдық округ немесе ауыл деңгейінде - тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімдігі жүзеге асырады.

Вернуться назад


Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын қалай бағалайсыз?
Мұрағат
Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»
Яндекс.Метрика
Рейтинг@Mail.ru