Музей – мәдени құндылықтар мекені
Музей – адамның рухани құндылықтарын дамытушы әрі бүгінгі өмірге тарих көзімен қарайтын орын, сан ғасырдың жәдігерлері сақталатын мәдени орталық. Елдің өткен шағының шежіресі, көненің көзіндей жауһар жәдігерлер жинақталған қастерлі ошақ та осы музей. Оның табалдырығынан аттаған сезімтал жанды сөзбен айтып жеткізуге болмайтын толағай тербелістер құдіреті баурап алары анық. Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасы «қоғамдық келісім» КММ Достық үйінің музейінде түрлі экскурсиялық сабақтар, лекция мен мақалалар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Музей – заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижесін насихаттау мен тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Музейге кірген бетте алдыңыздан қазақтың киіз үйі, қазақтың жәдігерлері бірден көзге түседі. Бұл әр экскурсияға келген жастардың бойынa ұшлттық құндылықтарды сіңіріп, ұлтжандылыққа, отаншылдық пен салт-дәстүрімізді құрметтеуге баулиды.
Бесік – дүние есігін жаңа ғана ашқан жас нәрестенің ең алғашқы ұясы, жыпжылы төсегі, мамық отауы. Бесік – қаншама ғасырлар бойы ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Бесік – қасиетті Құранда аты аталған бұйым. Алла Тағала Иса пайғамбар туралы мынадай аят түсірген: «Сондай-ақ, ол бесікте де, ересек-егде шағында да адамдармен тілдеседі әрі ізгі жандардың бірі болады». Ол – сәбидің сүт еметін шағында жататын орны. Құлап қалмауы үшін бала соған салынып қойылады», дейді. Қашаған ақынның «Пайғамбарлар туғанда, Бесік болған бұл ағаш» деп жырлауы да тегін болмаса керек. Осының бәрін жақсы білген, дұрыс зерделеген ата-бабаларымыз сәбиді бесікке салуды ерекше дәстүрімізге айналдырған. Ілгеріден біте қайнасып ауыздан ауызға тарап келе жатқан «Қобыланды батыр» жырында: «Алтыннан бесік ойдырып, Ақ торғынға бөлеген» деген өлең жолдары осының айғағы. Бұл сөздер біздің жұрттың сол кездегі биік эстетикалық талғамынан хабар берсе керек. Бесіктің қадірін жете түсініп, жақсы ұғынған халқымыз, атасы жатқан бесікке немере, шөберелеріне дейін жатқызуға тырысқан. Мұндағы мақсат – бабасындай текті болсын, аталарының жолын жалғайтын үбірлі-шүбірлі болсын деген ізгі ниет.
Баға жетпес ұлттық құндылығымыздың бірі – қамшы. Бұл бүгінде әр қазақтың шаңырағына сән беретін ұлттық бұйым. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрінде қамшының алатын орны ерекше. Ол бірегей өнер туындысы ғана емес, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, шаңырақтың киесі саналған. Қамшы жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Оның әрқайсысының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы да бар. Қамшының түрлері туралы айтар болсақ, оның сүндет қамшы, неке қамшысы, баптау қамшы, бәйге қамшы, соп қамшы, аңшы қамшы, көкпар қамшы, үйір қамшы, барымта қамшы, дойыр қамшы, ноғай қамшы, бәсіре қамшы деген түрлері бар. Ал қамшы жасайтын адамдарды өрімші деп атайды. Қамшы өрілетін таспа санына қарай, үш өрімнен бастап, қырық өрімге дейін барады. Әдетте, қамшыны екі жасар серке, болмаса құнан өгіздің иі қанған терісінен өріп дайындайды. Ал бұрынғылар қамшы сабының өлшемі ретінде төрт, жеті тұтам аралығындағы ұзындықты таңдап алған. Бұл туралы ғалым Шоқан Уәлиханов өз естеліктерінде былай деп жазған: «Қамшының сабының өлшемі шындақ пен жұдырықтай не 7 тұтам, өрімнің ұзындығы бес алақанның көлеміндей, тұтаммен есептегенде өрімі сабынан бір-екі тұтам ұзын болуы керек».
Қазақта қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні мен ережелері бар. Яғни, қамшыны әдетте, оң қолға екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандықтың, әдепсіздіктің белгісі деп танылған. Сондай-ақ, жөн, жол көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқайтын болған.
Қазақ халқының дәстүріндегі сандықтың рөлі
Қазақ халқы үшін сандық - көшпенділер үшін ыңғайлы тұрмыстық бұйым ғана емес, қазақ халқы мәдениетінің ең ежелгі бұйымдарының бірі, қыз жасауының ажырамас бөлігі. Қызды ұзатар кезде, оның киім-кешектерін, асыл бұйымдарын сандыққа салатын болған, ал оның үстіне – төсек жабдықтары салынатын болған. Болашақ жарының үйіне ұзатылған қыз өзінің жасауымен баратын болған. Қазақ халқында сандыққа байланысты ырымдар бар. Сандық ашар – қазақ халқындағы жоралғылардың бірі. Келін түскенде оның сандығына арнаулы мата салынады. Ол «сандық ашар» жоралғысында алынып, сол тойға қатысқан әйелдердің бәріне үлестіріп таратылады. Ерте кездерде сонымен қатар, босанғалы жатқан әйелдің толғағы жеңіл болуы үшін де, үйдегі бар сандықтың ауыздарын ашып қоятын ырымдар болған. Маталар бөліктерінен жас келіндер құрақ көрпе тігетін болған. Бұл қазақ халқының ежелгі салттарының бірі.
Көшпелі қазақтар сандыққа киім-кешекті, заттарды, әртүрлі тағамдарды, ал оның үстінен – көрпелерді салатын болған. Одан басқа, кейбір сандық түрлері төсек ретінде қолданылған. Көші-қон науқанында сандықты арбаға, түйеге немесе атқа жегу қолайлы болған. Сандықтың аузы көп жағдайда құлыптанып тұратын. Оған ішкі құлып немесе аспа құлып орнатылған. Сандықты жерге қойғанда түбін дымқыл тартпау үшін астындағы төрт жағына ағаштан аяқ орнатылған.
Ұрпақ рухани байлық пен ұлттық жәдігерлерді танып-білу арқылы өзіне сабақ алады. Ал осындай ұлы қазыналарды жинап, тарихқа тіл бітіріп, елдік мүддеге айналдыруды жүзеге асыратын музей қызметкерлері қай кезде де өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқара бермек.