Қолөнер-ұлт қазынасы

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінің шығармашылықты дамыту орталығының мақсаты: көнеден келе жатқан халқымыздың мәдениеті мен дәстүрінің құндылықтары,патриоттық тәрбие және ұлттық өнерді жаңғырту мен насихаттау.
Қай халықтың болмасын ұлттық мұрасы, қазынасы-қолөнері болып табылған.Халық шеберлері ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Қарағанды облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы  Аналар кеңесі жанындағы  «Ісмер» клубы әр бейсенбі күні оқушыларға қолөнер бойынша, оның ішінде, қыз балаларға кесте тігу, ұлттық әшекей, бұйымдарды қолдан қалай жасауға болатыны туралы шеберлік сағаттарын өткізеді. Жас ұрпақты  қолөнерге баулу, бос уақытын тиімді өткізу және ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру мақсатында көптеген шаралар, игі істер атқарылып жатыр.
Дәстүрлі қолөнер үлгісінің жаңаша әдіс тәсілдерін үйрету, еңбексүйгіштікке, әсемдікке талпындырып, халқымыздың тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрін жалғастыра білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық қолөнер өзінің тарихы терең, мазмұны сан қилы ерекшеліктерімен болашақ жастарға рухани, эстетикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық тұрғыда әсер етіп,бұрынғы мен бүгінгіні салыстыра отырып ұлттық өнерді сүюге, құрметтеуге баулу қасиеттерін дамытады.
Құрақ көрпе
Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі арқылы көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе. Ол, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-материал қат кезде қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі. Елімізде құрақ көрпе құрау ұзақ жылдардан бері анадан қызға, келінге жалғасып келеді. Өткен ғасырдың 80-жылдары есін біліп, бойжетіңкіреп қалған қыз балалардың ісмерлікпен айналыспағаны кемде-кем. Себебі киіз үйді бау-басқұр, шашақ-әдемі желбау, қоржын, өзге де қазақы нақыштағы бұйымдармен жасандыру, сондай-ақ, жүн сабап киіз басу, түр ойып текемет басу, ұршық иіріп, оны ширатып киім тоқу, ши орау, көрпе құрап, сырғалақ айналдыру, өзге де халқымыздың төл өнері ел арасында сәнге айналды ма – әйтеуір сол кезде жасөспірім қыздардың шеберлігі бірінен-бірі асып түскендігіне бүгінгі күн куә. Себебі бүгінгі халқымыздың төл өнерін насихаттап, оны жастар арасына үйретіп жүрген буын – сол кездегі балаң қыздар – бүгінгі апалар, ақ жаулықты аналар. Кей кезде ол үрдіс «ел арасында сәнге айналды» деп айту бекер сияқты болады, құдды ақ жаулықты аналар кеңестік кезеңнің қыспағына қарамай жастарға төл өнерді жанталаса үйретіп, бүгінге жалғай жеткізіп кетуге еңбек еткен-ау деген ой келеді.
Бүгінгі ұрпақ бабалардан, аналардан қалған төл өнерді заманауи үлгіде дамытып, жан-жақты жетілдіре түсуге ұмтылуда. Матаның қат кезінде қолда бар мүмкіндік шегінде ғана құрай алған көрікті көрпелерді бүгінгі шеберлер кездеме маталарды – жұмсағы керек пе, қаттысы керек пе, оюлысы ма, әле оюсызы ма, гүлдісі ме, жоқ па, түктісі керек пе, түксізі қажет пе, ақ, қызыл, жасыл, сары – қасына тау ғып үйіп қойып қалауынша пайдаланып, көрпені құбылта құрауда. Бірақ оның арғы бастауы бәрібір баба мұрада жатыр.
Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе. Мақсаты – ұлттық қол өнерді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету.
  
  
  
  
  
 
 

Вернуться назад


Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын қалай бағалайсыз?
Мұрағат
Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»
Яндекс.Метрика
Рейтинг@Mail.ru