Наурыз мейрамының тарихы

Наурыз - ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Бұл күні ай мен күн теңеседі. Көне парсы тілінде "Жаңа күн" деген ұғымды білдіреді. Наурыз мейрамы шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болды. Кейбір ғылыми деректерге сүйенсек, наурыз мерекесінің тарихы бұдан да әріде. 2010 жылы БҰҰ 21 наурызды "Халықаралық Наурыз күні" деп атады.
Бас Ассамблеяның айтуынша, бұл мерекені 3000 жылдан бері Орта Азия, Таяу Шығыс, Балқан түбі мен Қара теңіз жағалауындағы 300 мыңнан астам адам тойлап келеді. Ал ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.
Наурыз мерекесі туралы қызықты ақпарат
Бұл мейрамды әр ұлт әртүрлі атаған. Мысалы ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз” деп атаса, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара” деп атаған. Ал соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған.
Атауларымен бірге бұл мерекені тойлаудың да өзіндік түр-сипаты, ерекшелігі бар. Бұл туралы Омар Һайямның шығармаларында кеңінен жазылған. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызда әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады;
Қыдыр ата
Қазақ жері аңыздарға бай. Наурыз мерекесінде Жер бетін Қыдыр аралайды. "Қыдыр дарысын" деген бір ауыз сөз қазақ беретін батаның бәрінде бар. Қазақ халқының пайымындағы Қыдыр ата немесе Қызыр баба араб тілінде Əл-Хидр, Əл-Хизр, яғни жасыл адам деген мағынаны білдіреді екен. Арабтардың аңызында ол отырған жерге шөп шығып, жүрген жері жасыл желекке айналады-мыс.
Бір деректер бойынша, Ислам дініндегі пайғамбар деседі. Кейбір дінтанушы ғалымдар оны Ілияс пайғамбар деп жорамалдайды. Қазақта "Қырықтың бірі - Қыдыр" деген мәтел бар. Күні саған түскен кез келген адамға үнемі көмектес, қайрымыдлықы жасаудан қашпа дейді үкендер. Өйткені, сенен көмек сұраған адам Қыдыр болуы мүмкін дейді. Ал Қыдырдың шапағатына бөленген адамның басындағы бағы бес елі болмақ.
Қайта оралған мереке
Бұл күн ақжарма тілек пен бата жауатын күн. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Халық ескісін тастап, жаңа киімдерін киеді.
Үйі, маңайын тазартып, өкпе-ренішті ескі жылмен қалдырып, қос қолдасып, төс қағыстыратын күн. Наурызда қасиетті Наурыз көже жасалады. Наурыз көже тек ас емес, молшылық болса екен деген ырым. Киелі асты дайындамаса дастарханның жыл бойы берекесі болмайды деп пайымдаған.
Адам тұрмақ даланың өзі қуанышқа бөленген бұл күні ән айтылып-күй тартылады, би биленіп, алтыбақан тебіледі.
Салт-дәстүрі мен діни наным-сеніміне келсек, елімізде тұратын өзбек, ұйғыр, түрік, түркімен, әзербайжан, татар, башқұрт, ноғай, қырым татары т.б. түркітектес халықтардың әдет-ғұрпы бір-біріне жақын. Сондықтан олардың Наурыз мерекесін тойлауы да ұқсас деуге болады. Өзбек ұлты наурызды қалай қарсы алса, келер жыл солай өтеді деп сенеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бөленуді мақсат етеді. Жұрт ұлттық киімдерін киіп, ән айтып, биге басады. Әтеш төбелестіріп, ит таластырады, қошқар сүзістіріп, қызыққа батады. Кей өңірлерде бәйге, жорға салады. Алуан түрлі тағам жасайтын өзбек әйелдері бұл күні «қазан толды» дайындап, наурыздың сыйлы асы − сумалякты жасайды. Бидай ұнынан жасалатын сумалякты бақытты өмірдің, молшылық пен жылылықтың тағамы деп ырымдап ішеді. (Өзбекстанда Наурыз мейрамы 21 наурыз күні тойланады). Түркімен халқы жыл басын «Невруз» деп атайды. Мереке қарсаңында үй-іші тазартылып, ұлттық тағамдар әзірленеді. Бұл күні дайындалатын тағам неғұрлым көп болса, соғұрлым келер жыл ырысқа толы болады деп болжайды. Невруз күніне орай түрікмен халқы «семени» деп аталатын ұлттық тағамдарын дайындап, келген қонақтарға ұсынады. (Түркіменстанда наурыз мерекесі наурыздың 21-22-сінде тойланады). Наурызды түрік халқы «Жыл басы» деп санайды. Мереке қарсаңында ұлттық тағамдар (әсіресе ашура) пісіріп, халық таза киімдерін киіп, бір-бірінің үйіне барып, мерекемен құттықтайды. Мереке күндері халық көңіл көтеруі тиіс. Мерекеден бұрын ренжісіп қалған болса, наурызда дереу татуласып, бар өкпе-реніштерді ұмытуы тиіс. Сондай-ақ наурызда бейіт басына барып, дүниеден өткендер рухына дұға бағыштайды. Бұл күні от жағып, оның үстінен жеті рет секіреді, бұл отбасына жетістік әкеледі деген сенімнен туған дәстүр. (Түркияда 21 наурыз күні Наурыз мерекесі аталып өтіледі. Сонымен бірге Түркияның әр аймағында Наурыз мерекесін тойлаудың өз дәстүрі болғандықтан, бұл мерекенің ел арасында «Айдың соңы», «Сұлтан неврузы», «Невруз сұлтан» деген де атаулары бар). Әзербайжан халқы Наурыз мейрамын күн мен түннің теңескен күні ретінде атап өтеді. Мереке күні дастарқанның басты тағамы шекербура дайындалады. Ол – ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті тағам. Мұнан сырт, бидай қуырылып, жұмыртқалар қызылға боялады. Бұл күні адамдар бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіретін болған. Әзербайжан халқында Наурыз күні жаңбыр жауса, «келер жыл жақсы, берекетті, өнімді жыл болады» деген сенім бар. Наурыз айындағы барлық сәрсенбі күндер қасиетті болып саналады. Бұл күндерді «юскю» деп атайды. Сейсенбі күні ер адамдар қайтқан туған-туыстарының бейітіне барып, дұға қылады. Бейіт басына әйелдер де барады. Өздерімен бірге алуа, шәрбәт сияқты тағамдарды ала барып, бейіттен қайтқан соң, оны кедей-кепшіктерге үлестіріп береді. Невруз қарсаңындағы сәрсенбі күнін «ахыр чершенбе» деп атайды. Бұл күні үй-ішін жинастырып, ыдыс-аяқтарды тазалайды. 7 ұлттық тағам қосылған «йеди-левин» тағамы әзірленеді. (Әзербайжан Республикасында Наурыз мейрамы бес күн бойы тойланады). Ұйғырлар наурыз мерекесінде «санза» деп аталатын тағамды пісіреді. Сондай-ақ түрлі өсімдіктен жасалған «Бидашүшір» тұшпарасы да осы күні әзірленеді. Мейрам қарсаңында ұлттық тағамдарды әзірлеуден әйелдер арасында сайыстар ұйымдастырады. Мейрамда би билеп, ән салып көңіл көтергенді жақсы көреді. Ақсақалдардан бата алып, үй-үйді аралап қонақ болады, барған үйлерінің адамдарын міндетті түрде өз үйіне шақырады, себебі наурыз күні үйіне келген қонақ өзімен бірге құт-береке әкеледі деп сенеді. Татарлар Наурыз мейрамы қарсаңында үй-іштерін жаңалап, аулаларын тазартады. Мейрам күні кәрі-жасы көшеге әдемі киініп шығып, бір-бірінің үйіне барады. Ал татардың жас балалары Ұлыстың ұлы күні әдемі тілектерін айтып, жақын маңдағы үйлерді аралайды. Ересектер балаларға боялған жұмыртқа мен арнайы даярлаған тәттілерін ұстатады. Мейрам күні татар халқы дастарқанына чак-чак, коштеле, күлше, куллама, тукмач, пәрәмәч, губадия секілді ұлттық тағамдарды қояды және мейрам күні арнайы бөлінген алаңдарда ән салып, би билеп, бәйге, шелекпен жүгіру, таяқ тартысы секілді татардың ұлттық ойындарын ойнайды. Қазақстанда тұратын шығыс халықтарының бірі − күрдтер. Наурыз мейрамы ежелгі күрд халқында 31 тамызда тойланатын болыпты. Кейін араб күнтізбесін қабылдағаннан кейін наурыз айына ауысыпты. Қазір наурыз мейрамын күрдтер 21, 22 және 23 наурызда тойлайды. Мерекеде адамдар ашық алаңқайларда жиылып, көптен күткен көктем мерекесімен бірін-бірі құтықтайды. Қыз-келіншектер түрлі түсті көйлектер киіп, бастарына мата қиындылармен безендірілген орамал тартады. Жиылған халық от жағып үстінен секіреді, ән айтылып, би билеп соңы үлкен мерекелік кешке айналады. Жалпы, шығыс халықтарында, оның ішінде түркітектес халықтар арасында Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі өте ұқсас. Наурызға қатысты ырым-тыйымдары да жақын. Біз жоғарыда өңірдегі  бірнеше диаспораның наурызды қалай тойлайтынын айтып өттік. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі ұлттардың наурызды қалай тойлайтынын көрсете отырып, Қазақстандағы Наурыз мейрамын елімізде белгіленген күнде өзгелермен бірге тойлайды. Өйткені еліміздегі Наурыз мерекесі жалпыға бірдей жаңа жыл, көктем мерекесі ретінде орныққан.
      
  
  
  
 

Вернуться назад


Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын қалай бағалайсыз?
Мұрағат
Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»
Яндекс.Метрика
Рейтинг@Mail.ru