«Центр заботы – Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалы
Белла Аркадьевна Каменецкая - «Центр заботы – Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалының директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері.
Денсаулық сақтау саласында 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді, Қазақ ғылыми-зерттеу институты еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар орталығының аллерголог-дәрігері. 2000 жылдан бастап қоғамдық жұмыстармен айналысып, қайырымдылық акцияларын өткізеді.
«Центр заботы – Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалы 2002 жылы тіркелді. Қоғам аз қамтылған тұрғындарға, мұқтаж адамдарға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіп, мәдени іс-шаралар өткізеді. 1500-ден астам еврей қоғамдық бірлестік мүшелері, оның 300-ге жуығы әлеуметтік көмек қызметін пайдаланады.
Қоғам жанынан құрылған «Шэмэш» мәдени орталығы қала және облыс көлемінде өткізілетін іс-шараларға белсенді қатысушы. Тәуелсіздік және Конституция күндеріне және басқа да мерекелерге арналған облыстық ұлттық мәдениет фестивальдеріне қатысып, облыс әкімінің дипломы және алғыс хаттарымен марапатталды.
Жыл сайын Қарағанды, Теміртау, Жезқазған және Саран қалаларында еврей кітабы фестивалі ұйымдастырылады. Мәдени орталық облыстағы мұражай, кітапхана, жоғарғы оқу орындары және мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс орнатқан. Орталықтың өзінде көркем әдебиет қоры мол кітапхана жұмыс істейді.
2005 жылдан бері Қарағанды қ. өткізілетін «Фрейлехе Киндер» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының Орталық Азия халықаралық еврей фестивалі балалар мен жастардың талабына қолдау көрсететін дәстүрлі шараға айналды. Облыста өткізілетін ең ірі байқаулардың бірі. Фестивальді өткізудің мақсаты – жастардың кәсіби шеберлігін шыңдау, жас таланттарды анықтау.
«Центр заботы – Хэсэд Полина» республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігі Қарағанды филиалының меншікті сайты жұмыс істейді - www.mitsva.kz.