«Намус» Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі
Гюлага Векил-оглы Рзаев - «Намус» Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
«Намус» Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі 2001 жылдың 6 тамызында тіркелген. «Намус» бірлестік атауын аударғанда «Намыс» мағынасын білдіреді.
Әзірбайжан орталығының басты мақсаты:
- Әзірбайжан және басқа ұлыстар мен ұлттардың тарихын, мәдениетін, тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтау, дамыту және қайта жаңғырту;
- облыстағы этностардың ұлттық мәдениетін байытуға атсалысу;
- Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамаларын жүзеге асыру;
Қоғамдық және мемлекеттік мекемелермен байланыс орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында орталықтың филиалдары қызмет атқарады.
Орталықта мемлекеттік және әзірбайжан тілін оқытатын сынып ұйымдастырылған. Тілдерді үйренуге деген қызығушылық ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді дамытуға дәнекер болатыны сөзсіз.
Орталықтың қоғамдық өміріне жастар да белсенді атсалысуда. Кез келген іс-шарада олар қазақ, әзірбайжан, орыс тілдерін жақсы меңгергендерін байқатып жүр.
Бірлестік танымал адамдармен кездесу өткізіп, әзірбайжан классикалық әдебиеті және өнерімен таныстырып, шығармашылық ұжымдармен жұмыстарды үнемі жүргізіп отырады. Этномәдени бірлестік мүшелері этнополитиканың заманауи тәсілімен, этносаралық қарым-қатынастағы медиация саласын меңгеруде, Қазақстан этностары ана тілінің дамуы жөніндегі өзекті мәселелер туралы семинар-тренингтеріне қатысып, біліктілігін арттырып келеді.
«Намус» этномәдени бірлестігі ҚР Тәуелсіздік күні, Қазақстан халықтары тілі күні және басқа да мерекелерде ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар мен фестивальдердің белсенді қатысушысы.