ЕРЕЖЕСІ
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының
Қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубының
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1.1. Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық жасаушылар мен тәлімгерлер клубы (бұдан әрі – Клуб) Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі – ҚХА) консультативтік кеңесші органы болып табылады.
1.2. Клуб өз қызметінде Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері мен осы ережені басшылыққа алады.
2. Клубтың мақсаты мен міндеттері
2.1. Клубтың негізгі мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы аясында Қарағанды облысы ҚХА қолдауымен қайырымдылық және тәлімгерлік институтын дамытуға ықпал ету.
2.2. Негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасында әлеуметтік әріптестікті және әлеуметтік бағыттағы қайырымдылық шараларын дамыту мақсатында іскерлік, зияткерлік, бизнес элита, сондай-ақ ұлттық компаниялар, банк секторы, қоғамдық қорлар мен қауымдастықтардың меценаттары мен қайырымгерлерінің басын біріктіру;
2) Қоғамда қайырымдылық, меценаттық және тәлімгерлік дәстүрлерін қайта өркендету, сақтау және дамыту;
3) Қоғамдық санада бизнес-қоғамдастықтың оң имиджін қалыптастыру, оларды қоғамда меценаттар мен қайырымгерлер ретінде кеңінен таныстыру;
4) Отандық әлеуметтік бағдарламалар және бизнес-жобаларды жүзеге асыру үшін күш-жігерді жұмылдыру; мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті дамыту; бизнестің әлеуметтік жауапкершілік деңгейін арттыру;
5) халықтың әлеуметтік көңіл-күйі деңгейін көтеру, қазақстандық қоғамның азаматтық бірегейлік пен бірлігін нығайту; қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы азаматтық институт ретінде Қарағанды облысы ҚХА-ның рөлін арттыру;
6) Тәлімгерлік институты арқылы өскелең ұрпақтың бойында еңбек сүйгіштік, білімге құштарлық, жоғары адамгершілік, кәсіби біліктілік құндылықтарын қалыптастыру және дамыту;
7) Қайырымдылық, меценаттық және тәлімгерлік мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар үшін ұсынымдар әзірлеу.
3. Клуб қызметінің негізгі бағыттары мен функциялары
3.1. Қызметінің негізгі бағыттары:
1) қайырымдылық саласында үйлестірушілік қолдау көрсету;
2) тәлімгерлік институтының дамуына жәрдемдесу.
3.2. Негізгі функциялары:
1) заманауи қайырымдылық және тәлімгерлік технологиялары туралы деректер базасын, ҚХА қызметі аясында қайырымгерлер мен тәлімгерлер пулын қалыптастыру;
2) қайырымдылықты және тәлімгерлік институтын дамытуда Қарағанды облысы ҚХА қызметіне қолдау көрсету;
3) қайырымгерлер мен тәлімгерлердің оң имиджін қалыптастыру, дәріптеу және көтермелеу, қоғамдық игіліктер мен жеңілдіктер беру;
4) қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыруға, сондай-ақ тәлімгерлік институты қызметін жүзеге асыруға жәрдемдесу;
5) қайырымдылық мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларының қоғамдық мониторингіне қатысу;
6) қайырымдылық және тәлімгерлік саласында Қарағанды облысы ҚХА қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар беру;
7) отандық және шетелдік ұйымдармен қайырымдылық және тәлімгерлік саласында өзара іс-қимыл жасау;
8) қайырымдылық және тәлімгерлік саласында Қарағанды облысы ҚХА құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасау;
9) тәлімгерлік мәселелері бойынша әдістемелік материалдар әзірлеу және басып шығару; Қарағанды облысы ҚХА құрылымдарын әдіснамалық қамтамасыз ету;
10) қайырымдылық және тәлімгерлік технологиялары бойынша оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастыру;
11) Қарағанды облысы ҚХА-ның өңірлік құрылымдарының қайырымдылық және тәлімгерлік қызметін үйлестіру, сонымен қатар әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету;
12) Клубтың мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмейтін басқа да функцияларды орындау.
4. Клубтың құрамы мен құрылымы
4.1. Клубтың құрамына Клуб жетекшісі, жетекшінің орынбасары және Клуб мүшелері кіреді. (міндеттерді атқару қоғамдық негізде жүзеге асырылады)
4.2. Клуб жетекшісі мен жетекшінің орынбасары Клубтың жалпы мәжілісінде сайланады және Қарағанды облысы ҚХА Төрағасының орынбасары бекітеді.
4.3. Клуб құрамына этномәдени бірлестіктердің, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың, бизнес-құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және басқалар кіре алады.
Клубтың құрамына кандидатураларды Клуб мүшелері енгізеді, ашық дауыс беру арқылы сайланады және Қарағанды облысы ҚХА Төрағасының орынбасары бекітеді.
5. Клубтың қызметін ұйымдастыру
5.1. Клуб ережесін Қарағанды облысы ҚХА Төрағасының орынбасары Қарағанды облысы ҚХА Кеңесінің келісімімен бекітеді.
5.2. Клубтың шешімі ұсынымдық сипатта болады.
5.3. Клуб отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына бір рет өткізіледі.
5.4. Клуб мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, Клубтың отырысы заңды болып табылады.
5.5. Шешімдер отырысқа қатысушы Клуб мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы жай көпшілік дауыспен қабылданады, дауыстар саны тең болған кезде Клуб жетекшісінің дауысы шешуші болып табылады.
5.6. Клуб жұмысы Қарағанды облысы ҚХА Төрағасының тапсырмаларын ескере отырып, ағымдағы және перспективалық жоспардың негізінде жүзеге асырылады.
Клубтың жұмыс жоспарларын Қарағанды облысы ҚХА Төрағасының орынбасары бекітеді.
5.7. Клуб қызметі туралы есеп Қарағанды облысы ҚХА Хатшылығына ағымдағы жылдың соңында жылына 1 рет беріледі.
5.8. Клуб жетекшісі:
1) Жалпы жетекшілік жасайды және үйлестіру қызметін атқарады, Клубтың отырысында төрағалық етеді;
2) Клуб қызметінің бағыттарын белгілейді және жұмысын ұйымдастырады.
3) Клубтың қызметін жоспарлайды, отырыстарын өткізеді, ұйымдастырылатын конференцияларын, пікірталастарын және өзге де іс-шараларды басқарады;
4) Қарағанды облысы ҚХА Хатшылығының және уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша Клубтың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ғылыми жобалар бағдарламаларын бекітеді;
5) Клуб басылымдарының редакторлық кеңесіне жетекшілік етеді;
6) орталық және өңірлік мемлекеттік билік органдарымен, ұйымдармен және лауазымды тұлғалармен, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен Клуб құзыретінің мәселелері бойынша қарым-қатынасты жүзеге асырады.