Жаңалықтар
29 қаңтар күні Достық үйінде «Қол өнері – қазақтың төл өнері» атты қолөнершілердің облыстық форумы өтті
Алғаш рет ұйымдастырылған форумға қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесі, "Ісмер" ұлттық қолөнер шеберлер клубы, қолөнершілер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты
Шараның басты мақсаты - ата-бабамыздан келе жатқан мәдени мұраны жаңғырту және сақтау, қолөнерді заман талабына сай этностильде дамыту. Сондай-ақ, жас ұрпаққа үйрете отырып тәрбие беру, Қарағанды облысының қолөнерін республикалық, әлемдік аренаға шығару және қолөнершілер санын көбейту. Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау, Осакаровка аудандары мен Қарағанды, Балқаш, Приозерск қалаларынан келген қолөнер шеберлерінің жұмыстары көрмеде таныстырылды. Ұсынылған үздік жұмыстардың авторларын құрметті қонақтар марапаттады. Форум барысында қалалар мен аудандардың қатысушылары қонақтарға мүсін, тігін, зергерлік бұйымдар жасау бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Ал «Атамекен» ҚР ҰКП қатысушылар мен жас қолөнершілер үшін бизнесті қалай бастау, пайызсыз несие алу, өз бизнесін қалай іске асыру және дамыту туралы бірқатар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ҚР мәдениет қайраткері Меруеш Башайқызы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор Ғайни Болтаева, ҚХА жанындағы «Ақниет» ансамблі, «Қарақат» мектеп студиясының оқушылары және басқа да әртістер өнер көрсетті.