Новости Республики

Өндірістік жарақаттанудың алдын алу шаралары

Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау

ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев өз сөзінде мемлекет қызметкерлердің құқықтарын қамтамасыз етудің маңызды талаптарының бірі ретінде қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Қазақстанда жыл сайын кәсіптік аурулардың 400-ден астам жағдайы тіркеледі. Соңғы 3 жылда олардың саны 21% - ға азайды», - деді Ербол Нұрғалиев.

Оның мәлімдеуінше, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендер саны 10,7% - ға, оның ішінде қаза болғандар саны – 16% - ға азайған.Сондай-ақ, жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 1000 жұмысшыға шаққанда 0,32 - ден 0,23-ке дейін төмендеген.

«Ағымдағы жылдың 9 айында еліміздің кәсіпорындарында 1062 адам зардап шекті. Оның ішінде 140 адам қаза тапты», - деді ол.

Қай өңірлерде жарақаттану деңгейі артқан

Оның мәлімдеуінше, өндірістік жарақаттанудың өсуі Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалуда.

«Қаза табу жағдайларының саны Ақтөбе 11-ден 19 адамға дейін, Жамбыл 4-тен 14 адамға дейін, Батыс Қазақстан 2-ден 5 адамға дейін, Қызылорда облыстарында 5-тен 12 адамға дейін, Нұр-Сұлтан қаласында 10-нан 14 адамға дейін артты», - деді Ербол Нұрғалиев.

Оның айтуынша, жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында сақталуда. Сондай-ақ, ол салалар бойынша зардап шеккендер жайлы айтып берді.

«Ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 19,1% және құрылыс саласында – 11,3 %, коммуналдық шаруашылықта – 5,6 %-ды құрайды», - деді ол.

Жазатайым оқиғалар

Оқиғалардың түрлері бойынша жазатайым оқиғалардың көпшілігі жәбірленушінің биіктіктен құлауы, ұйымның көлігіндегі жол оқиғасы, опырылу, заттардың, материалдардың құлауы және т. б. салдарынан орын алған. Оған жұмыс берушілердің де, қызметкерлердің де қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген көзқарастан туындайтын себептер әртүрлі екендігін айтып өтті. Оның деректеріне сәйкес, 2020 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн қызметкерінің 367 мыңы 22%-ы зиянды еңбек жағдайларында еңбек еткен. Сонымен қатар, экономика салалары бөлінісінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен өндіру және өңдеу салаларына тиесілі. Оның ішінде, Шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші, жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы әсерінен – әрбір үшінші жұмыс істеген. Ауыр дене еңбегімен 94 мың адам тексерілген кәсіпорындар қызметкерлері санының 5,7% айналысқан.Сондай-ақ, ол 2020 жылы аттестаттау нәтижелерінің негізінде 672 мың қызметкер 141,5 млрд теңге сомаға түрлі өтемақы алғанын жеткізді.

«Бұл 2019 жылға қарағанда 10% - ға артық. Жеңілдіктердің ең көп таралған түрі – қосымша демалыс – 520,6 мың адамға берілді. Тегін сүт немесе оған тең тамақты – 322,9 мың адам, тегін емдік-профилактикалық тағамды – 79,8 мың адам алды», –деді Ербол Нұрғалиев.

Өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша шаралар

Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Қазақстан кәсіпорындарында қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 мыңнан астам бұзушылықты анықталған. Олардың 30% - ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі екендігін жеткізді. Атап айтқанда, қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеу, жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқамалықты өткізбеу, жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етпеу, еңбекті қорғау бойынша қызметтің немесе жауапты тұлғаның болмауы. Оның мәліметінше, 2020 жылы аттестаттау нәтижелерінің негізінде 672 мың қызметкер 141,5 млрд теңге сомаға түрлі өтемақы алған.

«Құқық бұзушылыққа кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында құқық қорғау органдарына 777 материал жіберіліп, олар бойынша 102 қылмыстық іс қозғалды», – деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Сондай-ақ, ол еліміздің 2,7 мыңнан астам кәсіпорны Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша стандарттарды енгізгенін атап өтті. Республика кәсіпорындарында 15 мың өндірістік кеңес жұмыс істейді. Олардың міндеттеріне еңбекті қорғау жөніндегі 18 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді. 2020 жылы техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 64 039 тексеру жүргізді, оның барысында 118 912 бұзушылық анықталған.

«Оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша – 42 704. Ұйымда еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған 34 434 ұсыныс берілді. 318 бірлік жабдық, машина, жұмыс орындары мен өндірістік цехтардың жұмысы тоқтатылды», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Оның айтуынша, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері жұмыс берушілер бірлестіктерімен және кәсіптік одақтар бірлестіктерімен бірлесіп, әлеуметтік қамсыздандырудың халықаралық қауымдастықтары әзірлеген «Vizion Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына Республика кәсіпорындарын қосу бойынша ақпараттық науқан өткізіп жатқанын айтты.Бүгінгі таңда оған 292 кәсіпорын қосылған.

Сондай-ақ, ҚР Еңбекмині ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп Мемлекет Басшысының «Халықтық бақылау» жобасын енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін еліміздің кәсіпорындарында мүгедектігі бар адамдарды «халық бақылаушылары» ретінде тарту бойынша жұмыс берушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Жобаны іске асыру жұмыс орындарының белгіленген квотасы шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оларды кәсіпорын штатына еңбек шарты бойынша бейнебақылау операторлары ретінде ресімдейді.

«Олар ауысыммен онлайн режимде жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағалайды және қауіпсіздік техникасының бұзылуын қадағалайды. Бүгінгі таңда «Халықтық бақылау» жобасын республиканың 148 кәсіпорны енгізді», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Бас мемлекеттік еңбек инспекторы бүгінгі таңда «post factum» ден қоюға негізделген еңбекті қорғауды басқарудың «компенсаторлық» моделінен қазіргі заманғы тәуекелге бағдарланған модельге көшу жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Осы жұмыс шеңберінде 2020 жылы Еңбек кодексіне кәсіптік тәуекелдерді бағалау мен басқаруға негізделген еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.Бұдан бөлек, 2020 жылы ҚР Еңбекмині еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ережені және кәсіптік тәуекелдерді басқару қағидаларын бекіткен. Сондай-ақ, өндірістік орта факторларының зияндылығы мен қауіптілігі, еңбек процесінің ауырлығы мен қауырттылығы көрсеткіштері бойынша еңбек жағдайларын бағалау мен жіктеудің гигиеналық критерийлері өзектендірілген.

Мемлекет Басшысының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2021 жылғы 17 маусымда 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіткен болатын. Жоспарға сәйкес биыл Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеу басталды, онда қауіпсіз еңбек пен озық халықаралық тәжірибені қамтамасыз етудегі проблемалық мәселелерді талдау негізінде еңбекті қорғау саласындағы дамудың негізгі бағыттары әзірленетін болады.

Алдағы 5 жылға арналған іс-қимыл жоспары:

- тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту;

- жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді төмендету бойынша жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

- еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту;

- әлеуметтік әріптестікті дамыту.

Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай өндірістік жарақаттануды 10%-ға, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер санын 20%-ға дейін төмендету күтілуде.

Вернуться к списку новостей


Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын қалай бағалайсыз?
Мұрағат
Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»
Яндекс.Метрика
Рейтинг@Mail.ru