Новости Республики

Өңірді дамытудың өзектілігі

Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан экономикасын диверсификациялау, индустрия саласын дамыту, инновациялық дамудың базалық салаларын модернизациялауда бірқатар табыстарға қол жеткізілді. Ендігі кезекте халықтың тыныс-тіршілігі үшін қолайлы жағдай, тұрақты және теңгерімді өсім болуы үшін еліміздің өңірлерінде экономикалық белсенділік артуы тиіс. Бұл бағытта қабылданған 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясы, еліміздің аумақтық-кеңістіктік дамуының 2020 жылға дейінгі болжалды жоспары, ҚР Тұңғыш Президентінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен кейінгі бекітілген бірқатар бағдарламалар бар. Соны іске асыру мақсатында елімізде Өңірлік даму министрлігі, атқару және заң шығарушы органдарда Өңірді дамыту комитеттері, арнайы бөлімдері де құрылған болатын.

Жалпы алғанда Қазақстанда мемлекеттік тапсырыстар мен сатып алулар, өңірлік бағдарламалар мен құрылымдық инвестициялық жобалар арқылы өңірлік саясат іске асырылып келеді. Сонымен қатар, Қазақстанның геосаяси жағдайы, минералдық ресурстары және қазба байлықтары, тарихи-мәдени құндылықтары, табиғаты өңірді дамытудың қаншалықты өзекті екендігін көрсетеді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты У.Бишімбаевтің пікірінше, экономикалық және еңбек ресурстарын перспективалы аудандарда және өмір сүру үшін қолайлы табиғи-климаттық аймақтарда шоғырландыру, нарық субъектілерінің экономикалық белсенділігіне жағдай жасау және әлемдік экономикаға интеграцияланған ішкі экономиканы нығайту еліміз үшін өзекті деп санайды.

Қазақстанның өңірлері әлеуметтік-экономикалық дамуының әркелкілігімен ерекшеленеді. Он алты өңірдің ішінде төртеуі – орталықтар, Алматы мен Астана мегаполистері, Атырау мен Қарағанды облыстары елдің ЖІӨ-нің шамамен 50% - ын қамтамасыз етеді. Маңғыстау облысының жалпы өңірлік өнімінің үлесі республика ЖІӨ-нің 6,6%-ын құрайды. Осы өңірлерде экономиканың негізгі инвестициясы мен басқа да ресурстары шоғырланған. Дегенмен аумақтық дамудың әркелкілігі Қазақстанға ғана тән емес, жалпы әлемде бар үрдіс. Бірқатар елдердің тәжірибесі ол жоғары урбанизацияланған аймақтарда өндірістің, капиталдың және адам ресурстарының шоғырлануына қатысты болатынын көрсетеді. Осылайша, қазіргі жағдайда кеңістік пен географиялық орналасқан жер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды векторына айналуда. Соңғы екі онжылдықта дамыған елдерде прогрестің катализаторы болған қалалар мен агломерацияның өсуі, халықтың мобильділігі, сауда мен көрсетілетін қызметтің даму факторлары көптеген дамушы елдер үшін де қозғаушы күш болып келеді.

Өңірлердің әркелкі даму проблемасы батыстың жоғары дамыған мемлекеттеріне де тән. Өз өңірлеріндегі теңгерімсіздіктер, жан басына шаққандағы өңірлік өнім бойынша айырмашылықтар Германия, Франция, Италия, Испания, Польша сияқты Еуропа елдерінде, АҚШ пен Канада, Қытай мен Ресейде де бар. Шет елдердің тәжірибесі аймақтық саясаттың бағыт-бағдары мемлекеттік құрылым мен тұтас жүйеге де тікелей байланысты екенін көрсетеді, ал оны жүзеге асыру аумақтардың арасындағы даму айырмашылығына әсер етеді. Унитарлы мемлекеттердің өңірлік саясаты орталық биліктің институционалды ерекшеліктерін білдіреді. Ал федералды мемлекеттерде федерация субъектілері жалпы мемлекеттік өңірлік саясатты іске асыруда өзіндік құқықтарға ие. Алайда, іс жүзінде федералды мемлекеттерде өңірлік саясатты жүргізуде белгілі бір қиындықтар да туындайды. Ол ең алдымен өңірлік деңгейдегі басқару жұмыстарын ұйымдастыру және өңірлік жоспарлаудың қатысушылары арасындағы өзара келісімі кезеңінде болатын саяси-психологиялық дифференциациялардың туындауына байланысты. Әлемнің кез-келген елінің тарихи, экономикалық, саяси, құқықтық және мәдени сипатының өзіндік ерекшеліктеріне қарай өз аумақтарының әркелкі дамуын жүйелеу және реттеу мәселесінде қалыптасқан тәжірибесі бар. Федеративтік құрылымдағы мемлекеттерде аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуетін теңестіру саясаты дамуы кешеуілдеген және депрессиялық өңірлерге инвестицияны көбейту, сондай-ақ оларға қаржылық көмек түрінде жүзеге асырылады. Мұндай саясаттың мысалы ретінде Канаданың тәжірибесін келтіруге болады.

Өңірлерді дамыту мақсатында шетелдік тәжірибені алу процесінде Қазақстан өңірлік саясаттың ұйымдастыру-технологиялық мәселелеріне баса назар аударуы тиіс. Бірінші кезекте бұл – өңірлік дамуға ықпал ететін жұмысты ұйымдастыру, құқықтық және басқа да іс-шаруалардың тетіктері. Осы аспектілерге сәйкес шет елдің тәжірибесін, олардың жинақтаған көптеген күрделі және қарапайым әдістерін нақты Қазақстандағы жағдайды оңалтуға тиімді пайдалануға болады. Соңғы онжылдықтарда бюджеттік федерализм теориясы белсенді дамып, бюджет процестерін реттеудің жаңа әдістерін енгізе бастады, олардың кейбірі нақты немесе әмбебап нәтиже беруі де ықтимал. Олардың барлығын қазақстандық жағдайға бейімдеу үшін жан-жақты сараптау мен тиісті бағалауды қажет етеді. Ұлттық және өңірлік деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу үшін арнайы бағдарламаларды әзірлеу мен қолдануда басқа елдердің тәжірибесі тиімді болмақ. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, дамыған елдерде белгілі бір өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың орташа көрсеткішінің 75 пайызына түскен кезде өңірді дағдарыстан шығарудың шұғыл әлеуметтік шаралары қабылданады. Осы орайда, Қазақстандағы өңірлердің әркелкі дамуының көрсеткіштері бірнеше пайызға емес, бірнеше есеге дейін артып кеткен мысалдары да бар. Мәселен кейбір өңірлер мен орталықтың арасындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша айырмашылықтар 10 есеге дейін жетеді. Сондықтан аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын реттеу жөніндегі бірыңғай орталық орган құру шет елдің тәжірибесі тұрғысынан құнды болуы ықтимал. Оның негізгі функциясы әлемдік тәжірибенің үздік үлгісін жергілікті жағдайға бейімдеу арқылы өңірлерді бірыңғай дамытуға мемлекеттің тың құралдары мен дәйекті саясатын әзірлеу болып саналады. 

2020 жылы Қазақстан Республикасы"Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының Төрағасы А. Мырзахметов еліміздің өңірлерінің арасындағы экономикалық даму айырмашылығы арта беретінін айтқан еді. Оның сөзі бойынша өткен жылдары Қазақстанда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын теңестіруге арналған көптеген шаралар атқарылғанымен, жасалған анализ аймақтардың ілгерілеуінде әлі де айырмашылықтар бар екенін анықтап отыр. Мысалы, Алматы қаласының ел экономикасындағы үлесі (Т12,3 трлн) Солтүстік Қазақстан облысының үлесінен 11 есе көп (Т1,1 трлн), ал жан басына шаққандағы жалпы өнімі 3,2 есе жоғары екен. Сонымен қатар, А.Мырзахметов 2004 жылдан бастап өңірлердің экономикалық дамуын теңестіруге Т2 трлн жұмсалып, көптеген бағдарламалар қабылданған. Оның ішінде Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға, Шағын қалаларды дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламалары; Елді аумақтық дамытудың 2015 жылға дейінгі Стратегиясы, "Өңірлерді дамыту", "Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы", "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы", "2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламалары іске асырылды. Сонымен қатар, ол бюджеттік жоспарлау өңірлердің нақты қажеттіліктеріне жауап бермейтінін атап өтті. Сонымен қоса А.Мырзахметов облыстардың бюджетін жоспарлауында бірқатар мәселелердің бар екеніне тоқталды. «Мысалы, Ақмола облысының бюджеті шамамен Т400 млрд құрайды, соның ішінде әлеуметтік салаға – 67%, инфрақұрылымға – 10%, өзге шығыстарға – 10%, ал экономиканың дамуына – 13% ғана бөлінеді. Экономикалық даму шығынының 13% немесе Т51,1 млрд мөлшерінде болуы төмен көрсеткіш деп санаймыз. Бюджет пен өңірлік даму бағдарламасы әрбір елді мекеннің нақты қажеттілігі мен даму перспективасына қарай құрылуы тиіс», - деді А.Мырзахметов. 

Қазіргі уақытта елімізде «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» іске асырылып жатыр. Оның мақсаты – басқарылатын урбандалу арқылы өңірлердің бәсекелік қабілетін арттыру және халықтың өмір сапасын жақсарту. Ал, Нұр - Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында орталықтары бар агломерациялар – функционалдық қалалық аудандарды дамыту; облыс орталықтарында, Семей қаласында аудандарды дамыту; халық саны 50 мыңнан асатын моноқалаларды дамыту; аумақтары іргелес шекара маңындағы шағын қалаларды дамыту; ауылдық елді мекендерді дамыту осы бағдарламаның міндеті деп көрсетілген. 

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Е.Алпысовтың пікірінше, 2025 жылға қарай еліміз басқарылатын урбандалудың 62%-ын жоспарлап отыр. «Қалаларда қаржы, адами капитал, инвестициялар шоғырланған. Енді жаңа бағдарламада біз өсудің белгілі бір нүктелерін болжап отырмыз, бірінші кезекте бұл біздің облыс орталықтары мен Семей қаласын қоса алғанда, 4 ірі агломерация, 14 урбандалған аймақ, оған қоса моно және шағын қалалар, яғни 18 урбандалған аймақты қамтиды. Сондай-ақ, бұл дегеніміз даму әлеуеті бар ауылдарды дамыту. Бұл бағыттарға бюджеттік инвестиция, барлық өңірлердің серпінді дамуы үшін жеке инвестиция да тартылады. Ірі қалалар халықтың тартылыс орталықтарына айналады» дейді вице-министр. 

Өңірлік даму саясатын іске асырудың қолайлы тетігін құру – Қазақстанның алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Еліміз ресурсқа негізделген өсу моделінен неғұрлым диверсификацияланған және тұрақты өсімге көше отырып, теңгерімді даму мақсатын қоюы қажет. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жергілікті халықтың әл-ауқатын бір мезгілде арттыра отырып, мемлекеттің өсіміне ықпал ететін экономиканың бәсекеге қабілетті жаңа түрлерін дамыту да алда тұрған міндеттің бірі. Қазақстан көптеген жылдар бойы тиімді нарықтық экономика құру бағытында келе жатыр. Алайда нарықты экономиканы нығайту мен тұтас мемлекетті дамыту өңірлердің әлеуметтік-экономикалық модернизациясымен тығыз байланысты болғандықтан, жергілікті басқару органдарының өңірлік шаруашылықты дамыту жолдары маңызды. Аул шаруашылығы мен ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі өзекті болып қала береді. Тиісті жағдай жасалса жергілікті атқарушы органдар көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерді республикалық органның қатысуынсыз шешуіне болады. Осы орайда жергілікті билік халықтың қолдауына жүгіне отырып атқарғанда жағдайда әлдеқайда тиімді нәтиже береді.

Вернуться к списку новостей


Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын қалай бағалайсыз?
Мұрағат
Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»
Яндекс.Метрика
Рейтинг@Mail.ru